Шымкент жастар театры маусымды «Гамлетпен» қорытындылады.
Сахнада алғашқы сәттерден басталған психологиялық шиеленіс көрерменге бірден әсер етті. Дания ханзадасының тақ үшін тартысы, махаббат пен опасыздық хикаясы. Пьесаның мазмұны осы. Қойылым көрерменді адам болмысы, әділдік пен жауапкершілік туралы ойға жетелейді. Бұл — бүгінгі қоғамның да өзекті мәселесі.
Қоюшы режиссер Қуандық Қасымов күрделі философиялық туындыны жаңа, заманауи үлгіде ұсынған. Мұнда классикалық мәтін мен қазіргі заман психологиясы шебер тоғысқан. Әлемдік классикаға қазақ халқының дәстүрлі элементтері сәтті кіріктірілген.
Айта кетейік, жас ұжымның жетістігі аз емес. Республиканың ғана емес, шетел көрермендеріне де танылып үлгерді. Таяуда Румынияның Тырговиш қаласында өткен 14-ші халықаралық «BABEL» фестивалінде Шымкент жастар театры «Үздік қойылым» номинациясымен бас жүлдені еншілеп қайтты.
Саят Айдосұлы


