Қазақстанда шыжыған шілденің аптап ыстығы адамдарға ғана емес ағаштарға да қауіп төндіріп тұр. Бір күнде, яғни 9 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 4 орман өрті тіркелді.
Өрт жағдайлары Павлодар облысында, Наурызым қорығында, «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған.
Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің бақылауы барысында дер кезінде анықталды.
- – Жедел әрекет ету нәтижесінде өрт ошақтары қысқа уақыт ішінде толық сөндірілді. Өртті сөндіру жұмыстарына мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтары және арнайы техника жұмылдырылды, – дейді сала мамандары.
Мамандар өрт қаупі жоғары кезеңде азаматтарды, табиғат аясында демалушыларды және орман пайдаланушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Айта кетейік, орман мен ұлттық парктерді өрттен қорғауға мемлекет тарапынан 16,9 млрд. теңге бөлінді. Жоба аясында өңірлерге ЕАЖ-1 орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің 14 кешені жеткізілді. ЕАЖ-1 – қорғалатын аумақта өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен. жекелеген нысандарда тәулік бойы жұмыс істейтін шолу бұрышы кең автоматтандырылған бейнекамералар қолданылады.
rus.adilet.tv-ақпарат


