Шымкент қаласы Абай ауданының аумағында орналасқан Дендропарк тұрғын үй кешенінде балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында кең көлемді түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Іс-шара Абай аудандық әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен өтіп, оған тұрғындар, көпбалалы отбасылар және тұрғын үй кешенінің белсенділері қатысты.
Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау фактілері жиілейтіндіктен, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып отыр. Осыған байланысты тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, көпқабатты үйлердің терезелеріне арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатудың маңыздылығы түсіндірілді.
Іс-шара барысында Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының офицері Дүйсен Нұргелді балаларды қараусыз қалдырудың салдары ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
– Ата-аналар балаларын үйде жалғыз қалдырмауы керек. Терезе алдына орындық, үстел, диван секілді жиһаздарды жақын орналастыру қауіпті. Бала байқамай терезеге шығып кетуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтау әрбір ата-ананың міндеті. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі ықтимал, – дейді маман.
Сонымен қатар, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары да кеңінен түсіндірілді. Мамандар электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, жарамсыз электр құралдарын пайдаланбау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу және төтенше жағдай туындағанда әрекет ету тәртібі жөнінде ақпарат берді.
Іс-шараға қатысқан «Sapa House» компаниясының өкілі Дәріқожа Самат тұрғындарды терезелерге қорғаныс торларын орнатуға шақырып, олардың техникалық мүмкіндіктері туралы айтып өтті.
– Әлеуметтік жағдайы төмен, бес және одан да көп баласы бар отбасыларға қорғаныс торларын тегін орнатамыз. Ай сайын шамамен 4-5 тұрғын үйге қызмет көрсетіледі. Зейнеткерлер үшін 20-30 пайыз көлемінде жеңілдік қарастырылған. Орнатылатын қорғаныс торлары 80 келіден 300 келіге дейінгі салмаққа төтеп береді және балалардың терезеден құлау қаупін барынша азайтуға арналған, – деді компания өкілі.
Тұрғындар да мұндай шаралардың маңыздылығын түсінді. Тұрғындардың бірі балалардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың тұрақты бақылауына байланысты екенін жеткізді.
– Менің төрт немерем бар. Оларға үнемі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отырамыз. Терезеге жақындамау, электр құралдарын дұрыс пайдалану сияқты қарапайым қағидаларды бала кезден үйрету қажет. Баланың қауіпсіздігі әр ата-ананың басты міндеті, – деді тұрғын.
Бұл профилактикалық кездесулер тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ тұрмыстық өрттердің алдын алуға ықпал етеді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерде тұрақты түрде жалғасатын болады.
