Шымкентте алдағы 10 күнде ауа райы ыстық болады. Ауа температурасы 40 градустан асады.
«Қазгидромет» мамандары алдағы күндері Қазақстанның солтүстік-батысы мен орталығында аптап ыстық рекордтық деңгейге, яғни 41 градусқа дейін жететінін хабарлады. Тіпті, әдетте салқын жүретін теріскей аймақтардың өзінде сынап бағанасы 38 градусқа дейін көтерілмек. Тек еліміздің батысы мен шығысында ғана өткінші жаңбыр жауып, бұршақ аралас екпінді жел соғады деп күтілуде.
Аптап ыстықта денсаулыққа қауіп төнбеуі үшін мына қарапайым ережелерді міндетті түрде сақтаңыз: су ішу режимін бұзбау керек — дене салмағының әр килограмына 30 мл-ден таза су ішіңіз. Сыртқа шыққанда ашық түсті, жеңіл киім киген абзал. Күн қатты қызып тұрған шақта (түскі уақытта) далаға шықпауға тырысыңыз. Сондай-ақ, ауыр жұмыс жасап, ағзаға күш түсірмеңіз және асқазанды ауыр тамақпен ренжітпеген жөн.
Мамандар айтқан бұл кеңестер алдағы онкүндіктен аман-есен, денсаулыққа зақым келтірмей өтуге көмектеседі.
